ЖОЛДАУ 2024: ДАМУДЫҢ ЖАҢА БАҒДАРЫ. НАҚТЫ БАҒЫТТАР.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев “ӘДІЛЕТТІ ҚАЗАҚСТАН: ЗАҢ МЕН ТӘРТІП, ЭКОНОМИКАЛЫҚ ӨСІМ, ҚОҒАМДЫҚ ОПТИМИЗМ” атты халыққа Жолдауын жариялады.
Жолдауда Парламентте 102 заң қабылданып, оның ішінде қоғамдық бақылауға, адам саудасына қарсы күреске қатысты заңдар, сондай-ақ ғылым мен технология саясатын, жылу энергетикасын, басқа да мәселелерді реттейтін заңдар күшіне енгені атап көрсетілді.
Президент депутаттардың табанды еңбектерімен әлеуметтік салаға, әсіресе балаларды қорғау ісіне айрықша көңіл бөлінгені, Ұлттық қордан балалардың есепшотына қаржы аударуға қатысты заңның қабылдануы, балаларды құмар ойындарға тартқандарды әкімшілік заң бойынша жазаға тарту, кәмелетке толмаған балаларға зорлық-зомбылық көрсеткені үшін берілетін жазаны қатаңдату, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, әйелдер мен балаларға қатысты қылмыстың алдын алуға арналған заңның қабылдануы “ Халық үніне құлақ асатын мемлекет” қағидасын орнықтыруға ықпал ететінін атап өтті.
Жаңа Жолдауда елімізде белгіленген дамудың жаңа бағдарының алдағы уақыттағы нақты 9 бағыттары айқындалды.
Атап айтқанда, “Ақша-несие саясаты мен фискалды саясаттың арасындағы үйлесімсіздікті жою” бағыты бойынша экономикалық белсенділікті қолдау және финтех саласын қарқынды дамыту сияқты өзекті мәселелер шешімін табуы тиіс “ Банктер туралы” жаңа заң қабылдау қажеттігі тапсырылды.
Ұзақ мерзімге арналған макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ететін аса маңызды құрал - Ұлттық қордың қаражатын ең алдымен, мемлекет мүддесі үшін, яғни еліміздің стратегиялық мақсаттарын жүзеге асыру үшін пайдалану қажеттігі Жолдауда атап көрсетілді.
“Инвестициялық ахуалды және бизнес жүргізуге қажетті жағдайды жақсарту жолында үздіксіз жұмыс істеу” бағытында атап көрсетілгендей, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік арқылы іске асырылатын жобаларды сапалы әзірлеу, инвестициялық ахуалға әсерін тигізетін жағымсыз үрдістерді жою, агроөнеркәсіп кешенін тікелей субсидиялау тәсілінен арзан несие беру тәсіліне көшу қажет.
Азаматтарды заңды түрде табысты жұмыс істеуге ынталандыру үшін “Ауыл аманаты” жобасы аясында “тауар несиесін” беру мәселесін қарастыру қажеттігі туралы айтылып, ауыл тұрғындарына өз өнімдерін өңдеуге және сатуға мүмкіндік беретін инфрақұрылым құру отандық бизнесті дамытуға жол ашатыны Жолдауда атап көрсетілді.
“Еліміздің өнеркәсіп әлеуетін толық пайдалану үшін қабылданатын жан-жақты шаралар” бағытында 17 ірі жобаны жүзеге асырып, терең өңдеу тәсілін меңгеруге басымдық берілген.
Автокөлік құрастыру ісі, мұнай газ-химия саласын одан әрі дамыту, полипропилен және полиэтилен шығаратын ірі өндірістік жобаларды, бутадиен, карбамид, терефтал қышқылын өндіруге арналған болашағы бар жобаларды жүзеге асыру шаралары ірі кәсіпорындарға жапсарлас өндірістер ашуға мүмкіндіктер береді.
“Инфрақұрылымға қатысты өзекті мәселелерді шешу” бағытында ең алдымен, энергетика және коммуналдық шаруашылық саласын жаңғырту жөнінде бекітілетін ұлттық жоба аясында әлеуметтік маңызы бар деген қызметттер ұғымын енгізіп, оны мемлекеттік қызмет көрсету үдерісі сияқты реттеу тапсырылып отыр. Бұл тұтынушылардың жеке монополистердің шырмауында жалғыз қалмауына ықпал ететіні анық.
Жолдауда атап көрсетілгендей, энергия тапшылығы күшейген әлемде елімізге сенімді әрі экологиялық таза қуат көздері аса қажет. Күн сайын мол энергияны қажет ететін экономикамызға сұранысты атом энергетикасы қамтамасыз ете алады. Атом электр стансасы туралы референдум тақырыбының қоғам талқысына түскеніне бір жыл азаматтардың салмақты шешім қабылдауына жеткілікті мерзім екені сөзсіз.
Президент Жолдауда атом электр стансасын салу мәселесіне қатысты жалпыұлттық референдум биылғы 6 қазанда өтетіні туралы Жарлыққа қол қоятынына тоқталып, осындай қадамдар арқылы жаңа қоғамдық-саяси мәдениеттің негізін қалайтынымызды, маңызды мемлекеттік шешімдер қабылдаудың жаңа үлгісін жасайтынымызды атап өтті.
Мемлекет басшысының Жолдауы – еліміздің болашағы үшін стратегиялық бағдар. Экономикадан бастап, әлеуметтік саясатқа дейінгі барлық бағыттарда үлкен өзгерістер күтіп тұр. Жолдау тек жоспар ғана емес, әрбір қазақстандықтың өмір сапасын жақсарту үшін нақты қадамдар!
Президент Қасым Жомарт Кемелұлы Тоқаев көптеген мәселелерді атап өтті. Соның бірі: жол қауіпсіздігі. Мемлекет басшысы өз сөзінде:
Сонымен қатар, Президент еліміздегі инновациялық жобаларды қолдау және стартаптарды дамыту арқылы әлемдік нарықта бәсекеге қабілетті болуға мүмкіндік бар екенін айтты. Бұл бағыттағы реформалар Қазақстанның жаһандық инновациялық хабқа айналуына жол ашады.
Бүгінгі Президент Жолдауы еліміздің дамуының жаңа кезеңін бастауға мүмкіндік береді. Бұл құжатта айтылған реформалар әрбір қазақстандықтың өмірін жақсартуға бағытталған. Бұл Жолдау – Қазақстанның жарқын болашағын қалыптастырудағы маңызды қадам.